27 июля 2017 г. | Автор: Редакция OYLA
Әлемдегі ең төзімді құйтақандар

Бұл жануарлармен салыстырғанда, біздің бәріміз үлпілдеген жандармыз. Ал әлемдегі ең мықты адамдардың бірі – төзімділігі жағынан көптеген рекордтарды орнатқан Пэдди Дойл бар болғаны кішкентай балақай ғана. Олар Джеки Чаннан да күштірек. Себебі қатты радиация, қайнаған су, өлі Теңіз және тіпті ғарышта да өмір сүруге қабілетті. Олардың аттары да заттарына сай – экстремофил-жануарлар. Яғни, экстремалды өмір жағдайын тәуір көретіндер.

Олардың барлығы дерлік – өте кішкентай. Көбін тек қана микроскоп арқылы көруге болады. Ендеше, олардың әлеміне көз жүгіртіп көрелік.

​Ғарыш қонжығы

Тырнақтары бар қысқа да томпақ сегіз аяқты және «тығыршықтай» кеудесі бар бұл таңғажайып тіршілік иесін дәл осылай атап кеткен. Негізі, бұл үлкен жүндес жыртқыш емес, бар болғаны ұзындығы 0,1-ден 1,5 мм-ге дейін болатын кішкентай ғана омыртқасыз. Ол таңқурай немесе бал жемейді, мүк және балдырмен қоректенеді. Таныс болыңдар, жайбасар.

Шынымен, ол өте баяу жүреді – минутына 2-3 мм. Қысқасы, өте кішкентай және жайбасар. Алайда, сыртқы келбеттің алдамшы болатыны белгілі: жайбасарлар – жер бетіндегі өмірге ең бейімделген жаратылыстың бірі. Тіпті, ең бейімді деуге де болады. Олар Гималайдың шыңында (6 мың метрге дейін) өмір сүріп, оттегінің жетіспеушілігіне, мұхит түбіндегі қатты қысымға (жайбасарлар сондай-ақ 4 мың метр тереңдіктегі су түбінде де мекен етеді), сұрапыл аязға (оларды Заполярьедегі мұздардың астынан да кездестіруге болады) және шамадан тыс ыстыққа да (олар, тіпті, жанартаулардың өзегінде де өмір сүреді) еркін төтеп бере алады.

Ең бастысы – жайбасарлар ауасы да, суы да жоқ, өте суық және қатты радиациялық сәулелену ортасы болып табылатын ғарыштың өзіне де төзімді келеді. Бұған осы бір кішкентай тіршілік иелерін Жер орбитасынан алып шыққан швед ғалымдары көз жеткізген. Олар «борт сыртында» 10 күн болған уақытта ғалымдар жайбасарлардың кеуіп қалғанын аңғарған. Кейін оларды ғарыш станциясына алып келгенде, жайбасарлар қайта тірілген.

Қызықтың бәрі алда – осыдан 120 жыл бұрын кеуіп қалған мүкті суға салған кезде, біраз уақыт өткен соң оның бойындағы жайбасарлар қозғала бастаған. Яғни, бұл ағзаларды гербари жапырағы секілді кептіріп қоюға болады екен, ал кейін олар қайтадан тіріліп шыға келеді. Бірақ олардың барлығы көп ұзамай қырылып қалған. Дегенмен, шындықтың аты – шындық. Олай болса, жайбасарлар өліп қайта тіріле алатын жаратылыс иелері!

Радиациялық «ванналар»

Deinococcus radiodurans немесе дейнококк. Рас, бұл ағзаның атауы өте күрделі, дегенмен оның өзі дәл бір бактериялар секілді өте қарапайым. Өйткені, Deinococcus radiodurans дегеніміз бактерия. Нақтырақ айтқанда — кокк (дөңгелек пішіндегі бактерия).

Алыстан қарағанда бұл микроағза сәбіз езбесіне ұқсайды – яғни, қызғылт-сары түскті. Олай болуының себебі де жоқ емес. Дейнококктың құрамында сәбіз, қызанақ, қызылша, тәтті бұрыш секілді барлық сарғылт, сары немесе қызыл түсті көкөністер мен жемістердегі секілді каротиноид деп аталатын зат бар. Негізі, олардың түрлері өте көп және әрқайсысы түрлі пайдалы қасиетке ие.

Алайда, дейнококктардың каротиноиды ерекше – ол деиноксантин деп аталады. Ол осы ұсақ микроағзаларды сарғылт түске бояйды және оларға радиоактивті сәулелерге төтеп беруге көмектеседі. Деиноксантиннің арқасында сарғылт бактерия 10 мың Грей*-ге дейін радиацияға төзімді. Салыстырсақ – радиацияның адам өміріне қауіп төндіретін дозасы бар болғаны 5 – ары кетсе 10 Грей.

Себеп бактерияның бірегей геномінде (тұқымқуалаушылыққа жауап беретін гендер жиынтығы), ол радиациялық сәулеленуден зақымданғаннан кейін, өзін-өзі «жөндеп» алуға қабілетті, дәл осы қасиетіне орай Deinococcus radiodurans жер бетіндегі радиацияға ең төзімді тірі ағза деген мәртебеге ие болды. Сонымен қатар ол қатты ыстыққа, суыққа, қышқыл ортаға және кептіруге де қарсы тұра алады. Ғалымдар бұл бактерияның ғарыштан ұшып келуі мүмкін деген тұжырымды да жоққа шығармайды – себебі, дейнококк жер бетіндегі көптеген «нәзік» тіршілік иелеріне мүлде ұқсамайды. Дегенмен, 2003 жылы ашылған Thermococcus gammatolerans атты микроағза радиацияға рекордтық 30 мың Грей-ге дейін төтеп берген болатын.

Мұндай микроағзаларды пайдалану, мысалы, ағынды су секілді қайнарларды радиациялық ластанудан тазалауға керекті арнайы препараттарды әзірлеуге көмектеседі. Тіпті, оларды қолданып біздерді радиациядан қорғайтын заттарды жасап шығарсақ деген ниет те орынды. 

«Қайнаған» өмір

Барынша ыстықты – яғни, жоғары температураны жақсы көретін жануарларды термофилдер немесе гипертермофилдер деп атайды. Мұндай ағзалар өте көп және негізінен олар өздерін 80°C температурада жақсы сезінеді, ал кейбірі, тіпті, 100°C-тан жоғары температураға (яғни, қайнаған судан да ыстық) да төзімді келеді. Осындай тіршілік иелерінің бірі – 85°C-тан 95°C-қа дейінгі температураны тәуір көретін, сол себепті де ыстық қайнарлар мен жанартаулардың маңында өмір сүретін, жер бетіндегі ең ежелгі бактериялардың қатарына жататын, Aquifex aeolicus деген таяқша тәрізді бір жасушалы бактерия. Арабия - Үндістан жотасының (Үнді мұхитының солтүстік - батысындағы су асты жотасы) түбінде орналасқан Methanopyrus kandleri деп аталатын келесі микроағза да дәл осындай жағдайды ұнатады. 

Әйтсе де, ол бұдан да жоғары температураны құп көреді және 122°C температура кезінде де көбеюге қабілетті! Сондықтан да ол гипертермофилдердің арасында абсолютті чемпион болып саналады. Және көптеген осындай ағзалар секілді бактериялардың емес, археялардың (өте ертеден келе жатқан бактерияларға ұқсас тіршілік иелерінің бірі, дегенмен олардың жасушаларында – ядро және жасуша мембраны секілді маңызды бөліктері жоқ) қатарына жатады.

Ғалымдар бүгінгі таңда археялардың көбі мекен ететін орта жағдайы – су асты қайнарларының ыстық суы – Жер бетіндегі алғашқы тіршілік пайда болған кездегі жағдайлармен өте ұқсас деп пайымдайды. Міне, археялардың «ыстыққа» деген махаббаты да осыдан бастау алған болар. 

Бізге неғұрлым салқынырақ болса...

Ал, керісінше, төмен температураны ұнататындарды психрофилдер немесе криофилдар деп атайды. Олардың қатарында микроағзалардан басқалар да бар, ал экстремофил-жануарлар жалпы аса көп емес. Мысалы, оларға жер бетіндегі тундра мен Камчатка, Сахалин, Чукотка, Сібір секілді тайга ормандарындағы мәңгілік мұзды алқаптарда өмір сүретін жалғыз тритон (құйрықты бақа) сібір бұрыштістісін (ұзындығы 12-13 см) жатқызуға болады. Тритон өзінің денесінің 6°C-қа дейін салқындауына төтеп бере алады. Ал ыстықты мүлде ұнатпайды және 27°C температураның өзінде өліп кетеді. Қатты аяздар кезінде сібір бұрыштістілері қалың ұйқыға кетіп қана қоймайды, олар өздерін қатырып тастайды десе де болады. Ал жылына бастаған кезде жануарлар қайтадан «жібіп», түк болмағандай өмір сүрулерін жалғастырады.

Келесі Belgica Antarctica деп аталатын криофил де өте таңғажайып тіршілік иесі. Бұл бактерия емес, қарапайым ғана маса, тек қанаты жоқ. Сондай-ақ ол Антарктидада өмір сүретін жалғыз жәндік және осы континенттегі ең ірі құрлық жануары. Алайда, ұзындығы бар болғаны 2-ден 6 мм-ге дейін ғана. Өмірінің басым бөлігін белгиктер мұзға оралған түрде, аязға, температураның алмасуына, құрғап кетулерге берік төтеп, 4 апта бойы, тіпті, оттегінсіз дернәсіл қалпында өткізеді (ал қабыршығынан шыққаннан кейін небәрі 10 күн өмір сүреді). Болашақ маса балдырлармен, бактериялармен және мүктермен қоректенеді. Дегенмен, Антарктидада бұдан басқа нені талғажалауға болады?... 

​Тұз сүйгіштер

Мұндай жануарларды галофилдер деп атайды: көне гректік «гал» - тұз деген сөзден шыққан. Бәрі де қарапайым – олар тұзды ортаны жақсы көреді – сондықтан да, әдетте, теңіздерде өмір сүреді. Олардың ішіндегі ең эксремалдары, әрине, бактериялар. Олар Жер бетіндегі ең тұзды су қоймаларының бірі – Өлі теңіздің түбін жаулап алған. Сондай-ақ галофилдердің арасында ірі түрлері де бар. Мысалы, бір қарағанда асшаянды еске салатын кішкентай шаян тектес артемия. Алайда, ол өте кішкентай — ұзындығы бар болғаны 15 мм. Дәл осы шаяндар тұзды көлдердің маңында орналасатын түрлі курорттарда кеңінен таралған емдік балшықтарды қалыптастыруға атсалысады. Сонымен қатар артемияларға ешкім тимейді. Себебі олар өмір сүретін орта тым тұзды болғандықтан, өздері қоректенетін балдырлардан басқа тіршілік иелері жоқтың қасы. Есесіне бұл сүйкімді шаян тұщы суда бір сағаттан артық өмір сүре алмайды.