ПОДПИСКА НА ВЕБ-САЙТ. ПРЕИМУЩЕСТВА:
Доступ к эксклюзивным статьям на сайте
Приглашение на образовательные лекции и мастер-классы
Возможность просматривать на всех мобильных устройствах и планшетах
Отличная цена: всего 200 тг в месяц!
Ол ұлан-байтақ ғарыш бос болуы мүмкін емес деп сенді. Себебі, егер біз жалғыз болсақ – қаншама кеңістік қалайша бос қалмақ?! Ол алғашқы болып Жерден тыс өркениеттерге үндеулер жолдап, ақыл мен парасаттың үндеуі үшін күресіп, әрдайым күлімсіреуге себеп таба білген. Онымен тоқталмай, ядролық қаруды жоюдың белсендісі болған, Грэмми және Пулитцер сыйлықтарының иегері атанған. Осылайша, артына өшпес есімін қалдыра білген. Мүмкін, осының бәрі оның өмір бойы оқушы кезіндегі арманына ұмтылып өткенінен болар.
Болашақ ғалым және ғылымды насихаттаушы 1934 жылы Нью-Йоркте дүниеге келген. Ол бала кезінен астрономияға қызығушылық танытқан. Карл 12 жасқа толған кезде атасы одан өскенде кім боласың деп сұраған екен.
“Мен: "Астроном" деп жауап бердім."Түсінікті, - деді атам, - бірақ қалай күн көрмексің?". Осыдан кейін мен барлық ересек адамдар секілді қызықсыз әрі бірқалыпты іспен шұғылдануға мәжбүр болатын шығармын, ал астрономия менің қолым босаған кезде ғана айналысатын ермегіме айналады деп түйдім. Алайда, мектепті бітірер кезде әлемде өзінің сүйікті ісімен айналысқаны үшін ақша табатын астрономдардың бар екенін байқадым. Қуаныштан төбем көкке жетті: енді бүкіл өмірімді сүйікті ісіме арнасам болады».
Дәл осылай болып шықты.
Карл дүниеге келген уақыты мен ғарышты зерттеудің нағыз қызған шағы сәйкес келгендігінен өзінің жолы болды деп есептейтін. Астрофизика туралы докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін, жас ғалым сол уақыттың ең маңызды деген ғарыш жобаларына қатысқан. Бәрінен де оны өзге планеталарда өмір бар ма деген сұрақ жиі мазалайтын. Ол уақыттың ғалымдары Жерге ең жақын ғаламшарлар – Венера мен Марс туралы – қазіргіге қарағанда азырақ білетін. Сондықтан да көбі ол жақта өмір бар деп есептеді – мұндай шешімге сол замандарда кеңінен етек жайған ғылыми фантастиканың да ықпалы тиді.
Тығыз атмосфераның салдарынан Венера ұзақ уақыт бойы қызыққандардың назарынан жасырын болды. Карлдың замандастары Венерадағы климат Жерге қарағанда анағұрлым жылырақ, дегенмен жалпы алғанда өмір сүруге ыңғайлы деп топшылады. Саган алғашқылардың бірі болып Венера – тіршілігі жоқ қызып тұрған шөл дала деп пайымдады. Ол Калифорния технологиялық институтының Реактивті қозғалыс зертханасына (JPL) шақырылған ғалым ретінде жұмыс істеп, Венераға жасалған Маринер сериясының алғашқы миссиясының дизайнын құруда және ұйымдастыруда өз үлесін қосты. 1967 жылы Венера-4 ғалымның Венераның беткі қабатындағы жағдай туралы болжамын растады. Енді Марс Жерден тыс өмірдің баспанасы ретінде басты үміткерге айналды. Алайда, мұнда да зерттеушілердің көңілі су сепкендей басылды. Қызыл ғаламшардың алғашқы суреттерін 1965 жылы «Маринер-4» аппараты жасады. Ғаламшар суық, тіршілік жоқ орын болып шықты. Кейінірек ғалымдар қатты шаңды боранды байқады. Марстың беткі қабатынан жоғары көтерілген шаң бөлшектерінен күн көзі өте алмаған. Карл: егер Жер бетінде ядролық соғыс орын алса, жер бөлшектері дәл осылай атмосфераны толтырып тастайды да, нәтижесінде күн сәулесі өте алмайтынын түсінді. Нәтижесінде Жер бетін суық та қараңғы ядролық қыс басады. Өсімдіктер мен жануарлар қырылып – барлығының жағдайы ауырлайды. Сондықтан да Карл ядролық қаруға қарсылық білдіріп, Невада шөліндегі полигонда ядролық сынақтарға қарсы бас көтерушілердің бірі болды.
«Тіпті, қазірдің өзінде өзімнің айналысып жүрген ісім шындыққа жанаспайтын, ертегі түстей көрінеді: мен Венераны, Марсты, Юпитер мен Сатурнды зерттеуге атсалысып жатырмын; әр қадам басқан сайын, Жер бетінде миллиард жыл бұрын алғаш пайда болған тіршілікті көз алдыма елестеткім келеді; ол жақтағы өмірді зерттеу үшін Марсқа құрылғыларды жолдаймын; түнгі аспанның тұңғиығында өмір сүруі мүмкін қандай да бір ақыл иесімен байланыс орнату мақсатында маңызды талпыныстар жасаймын. Егер мен 50 жыл бұрын өмірге келгенімде, осының бәрімен айналыса алмайтын едім. Ол уақытта мұның барлығы қиял-ғажайып еді. Ал 50 жылдан кейін дүниеге келсем де, бұл іспен шұғылданбас едім, себебі, 50 жылдан кейін Күн жүйесін алдын ала зерттеу жұмысы аяқталады, Марстағы тіршілік белгісін іздеу нәтижелері баршаға жарияланып, тіршіліктің пайда болуына байланысты жұмбақ өз шешімін табады. Сондықтан, адамзат тарихының осындай керемет ізденістері мен жаңалықтары жүзеге асып жатқан кезеңде өмір сүру – мен үшін үлкен сәттілік деп есептеймін».
«Марс Патфайндер» - Жер атмосферасынан 1996 жылы ұшып кеткен шағын ғарыш аппараты. Аппарат Марстың топырағын зерттеп, ғаламшарды суретке түсіріп, ақпаратты Жерге жіберіп отырған. Өз міндетін атқарғаннан кейін ол Марста қалып қойды. Ол тоқтаған жерде «Карл Саган атындағы мемориалды станция» орналасқан. Онда: «Сіздің Марста болу себебіңіз қандай болса да, осында екеніңізге қуаныштымын және сізбен бірге болғым келер еді» деген жазу бар.
Несіз өмір сүру мүмкін емес? Сусыз? Оттегінсіз? Алайда, Ғалам шексіз ғой, басқа ғаламшарлардағы тіршіліктің қандай жағдайларда пайда болғанын кім білсін? Біздің өзге ғаламшарлардағы ағайындарымыз санасы жағынан бізге мүлде ұқсамаулары мүмкін. Оларға су қажет емес шығар, әрі оттегімен емес өзге газбен тыныстаулары да мүмкін. Дегенмен, бізге тек қана өзімізге қарап бағалауды қойып, бізге мүлде ұқсамайтын тіршілік иелерімен байланыс орнатуды үйрену керек. Бұл оңай емес, әйтсе де тек осылай ғана біз өзімізді тіршіліксіз ғарыштың миллиардтаған километрлер аясында жалғыз сезінуден құтыла аламыз. Карл Саган сана жағынан бізге жақын бауырларымызбен байланыс орнату үшін алғашқы болып қадам жасаған. 1974 жылы тоқтап қалған жанартау өзегінде орналасқан, мексикалық Аресибо обсерваториясындағы ірі радиотелескоп Геркулес шоқжұлдызындағы М13 жұлдыз шоғырына қарай Жерден тыс өркениеттерге алғашқы үндеуді жолдады. Шоғыр миллиондаған Күнге ұқсас жұлдыздардан құралған, сондықтан да оларда тіршілік болуы әбден мүмкін. Алайда, «санасы бізге жақын» ағайындарымыз бізге тек 25 мың жылдан кейін ғана жауап бере алады – себебі, дабыл осынша уақыттан кейін ғана көздеген орнына жетеді. Үндеуде адам мен Күн жүйесі туралы маңызды мәліметтер болған. Бұл жобаны Карл ұйымдастырған. Саган сондай-ақ Күн жүйесінен ұшырылатын барлық ғарыш аппараттарымен бірге Жерден тыс өркениеттерге үндеу жолдауды ұсынған. Әрі олардың мазмұнын жеке өзі құрған. Ең толық «үндеу» – «Вояджер-1» ғарыш зондындағы дауыстар мен бейнелер жазылған Алтын пластина – өзінше бір «визит карточкасына» айналды. Алтын ақпаратты ғарыш шаңынан зақымданудан қорғады. «Вояджердің» басты мақсаты – алпауыт-ғаламшарлар Юпитер мен Сатурнды зерттеу болатын. Оның арқасында біз алғаш рет осы ғаламшарлардың толыққанды спутниктік суреттеріне ие болдық. Бұл міндетті атқарғаннан кейін зондты біздің Галактикамыздың орталығына аттандырған. Ол Жерден секундына 17 км жылдамдықпен алшақтап барады. Қазіргі таңда ол адам баласы ойлап тапқан, Жерден ең алысқа кеткен нысан. Карл мұндай қашықтықтан жасалған Жердің суреті адамзатқа өзінің Ғаламдағы алатын орнын түсінуге мүмкіндік береді деп есептеген. Суретті тек қана Күн жүйесін айналып өткеннен кейін алу мүмкін болды: техниктер күннің жарығы камераны жағып жібереді деп қорыққан еді. Осылайша, «Боз-көгілдір нүкте» – көлемі пиксельге тең дақ – біздің ғаламшарымыздың суреті алынды, ал ондағы жолақтар – күн сәулесінің көмескі көрінісі болатын.
«Бұл нүктеге тағы да бір қараңыздар. Міне, мына Жер. Бұл біздің үйіміз. Мынау – біз. Барлық сіздердің сүйікті адамдарыңыз, барша сіздер жақсы білетін жандар, бүкіл бұған дейін естіген есімдер, барлық тіршілік еткен адамдар өз өмірлерін осында өткізген. Біздің өзімшілдігіміз, біздің ойдан шығарған маңыздылығымыз, өзіміздің ғаламдағы артықшылығымыз туралы қиялымыз – осының бәрі мына бір боз жарықтың алдында түкке тұрмайды. ... Жер – әзірге тіршілікке қолдау білдіруге қабілетті жалғыз танымал әлем. ... Біздің парызымыз бір-бірімізге қайырымдылық танытып, осы бір боз-көгілдір нүкте – жалғыз үйімізді сақтау және аялау.»
Карл Саган адамзаттың амандығының кепілі – қоршаған әлемді зерттеуде жатыр деп есептеген. Біз неғұрлым көп білсек, өміріміз соғұрлым жақсырақ болмақ. Алайда, бүгінгі таңда әлемде ақпараттар тым көп. Адам баласы жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, алданып қалмауы үшін оған күмәнмен қарауды да білгені дұрыс. Біз өзімізді алдауға бейімбіз, жанымызға жақын тыныштықты сақтап қалу үшін неге болса да сенуге дайынбыз. Адамдар өздері қалайтынды шындық деп қабылдап, ал күмәнді заттарға еш шүбә келтірместен, бірнеше жылдар бойы алданып жүре беруден тайынбайды. Бұл қараңғы патшалықта ғылым түнек ішіндегі жарық іспеттес. Ол әрдайым біздің қалағанымызды растай бермейді, есесіне, шындықты сол қалпында көрсетеді. Өмірінің соңында жазып қалдырған «Перілерге толы әлем. Ғылым – түнектегі жарық іспеттес» атты кітабында Карл Саган өзінің «Далбасалық детекторын» сипаттап берген.
Басты ереже – өз сенімдерің мен «беделді» мамандардың пікірлеріне күмән келтіру. «Беделділер» де қателесуі мүмкін. Өзіңізден не себепті осы ойды қабылдағыңыз келетінін сұраңыз, оны осыған ұқсас пікірлермен салыстырыңыз, сондай-ақ қандай жағдайда одан бас тартатыныңызды ойлаңыз. Кез келген ойға тек қана ол сіздікі болғандықтан жабысып қалудың қажеті жоқ. Қайсысы маңыздырақ: шындықты іздеу ме, әлде жағымды жалғанды ма?
Ол өзінің «Космос» атты кітабында: «Ғылымның жетістігін түсіндірмеу мен үшін табиғатымызға жат көрінеді. Ғашық адам махаббатын бүкіл әлемге жар салғысы келетіні белгілі»,- деп жазған болатын. Карлдың ойынша ғылым адамзаттың аман қалуы үшін өте маңызды, сондықтан оны насихаттау үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған. Ол кітаптар жазып, сұхбаттар беріп, ток-шоуларға қатысып, адамның ғарыштағы орны туралы «Космос: дербес саяхат» сериалына сценарий жазған. Карл тек қана аспан денелерінің ғажайып әлемін сөз қылумен шектелмеген, ол сондай-ақ: жылыжай эффектісі, қоршаған ортаның ластануы және ядролық қарудан бас тарту секілді «Жерге тән» түйткілдерді де қозғаған.
Карл Саган өзінің «Боз-көгілдір нүкте» атты аудиокітабы үшін «Грэмми» сыйлығын алған, ал адам миының даму жолын бақылауға тырысқан ғылыми-көпшілік кітабы «Эдем айдаһарлары» үшін Пулитцер сыйлығын иеленген. Оның «Контакт» атты ғылыми-фантастикалық романы бойынша 1997 жылы осы аттас фильм түсірілді. Саганның өз ойларын түсінікті тілмен жеңіл жеткізе білу дарыны көптеген қарапайым адамдарға ғарыштың құрылысын түсінуге мүмкіндік берді. Оның дарынына бас иген мыңдаған оқырман ғалым атанып, ғылымды насихаттауға өз үлесін қосты. Оның «Контакт» романына жазылған пікірде: «Біздің қасымызда Карл Саган секілді Жер тұрғыны болғанда, өзге ғаламшарлықтар кімге керек?» делінген.
Бірде Карл Саганға астрономияға қызығушылық танытып жүрген жоғарғы сынып оқушысынан хат келеді. Атағы дүркіреп тұрған ғалым жас жеткіншекке тікелей өзі жауап беріп, зертханасына экскурсия жасауға шақырып, таң қалдырады. Кейін Саган оған өз кітаптарының бір бумасын сыйға тартып, автобус аялдамасына дейін шығарып салады. Қалың қар жауып тұрған еді, Карл жігітке телефонының нөмірін беріп, егер ауа райына байланысты үйіне жете алмай қалса, телефонға хабарласып, үйіне қонып қайтуды ұсынады. Кейін ол бұл кездесуі туралы: «Мен кім едім? Қайдағы бір оқушы»,- деп жазады. Бұл жоғары сынып оқушысы болашақта көрнекті ғалым-астрофизик атанатын Нил Деграсс Тайсон болатын. Ол уақытта біраз жылдардан кейін Нил шәкірті атанып, ғылымды насихаттау ісін жалғастырады деп Карл Саган болжамаған да еді. «Мен ол уақытта ғалым болғым келетінін білетінмін, алайда сол күннен бастап қандай адам болғым келетінін түсіндім» <…> Өз өмірін Ғаламды зерттеуге арнағысы келетін студенттер үшін жауапты екенімді және оларға Карл маған көрсеткен қарым-қатынас жасауым керектігін сезінемін».
Карл астрономиямен айналысу адамның бойындағы батылдықты тәрбиелейді деп есептеген. Адамзат – Ғаламның өзегі емес екенін, біздің ғаламшарымыз – көптің бірі ғана екенін және ол әзірге жалғыз үйіміз екенін түсіну; күнделікті өмірдегі күйбең тірліктеріміз, мәселелеріміз бен армандарымыз, ғарыш деңгейімен салыстырғанда, түкке тұрмайтынын түсіну батылдығы. Дегенмен, өміріміз – жалпы ерекше сән-салтанатқа ие. Бірде Карл Саган өзінің қызына: «Сен дәл қазіргі сәтте өмір сүріп жатырсың. ... Сенің ата-бабаларың ешқашан кездеспеген, сен де еш уақытта болмайтын Ғаламның таңғажайып сансыз ықтимал баламалары туралы ойлап көр. ... Біз ата-бабаларымыздың буынымен ДНҚ арқалы байланыстамыз, ал өзіміздің Ғаламымызбен байлынысымыз одан да үлкен – себебі, денеміздегі әр жасушаның материалы жұлдыздардың жүрегінде туындаған. Біз жұлдызды материалдан тұрамыз» деген. Карл Саган өзінің осы бір өмірге деген құштарлығын соңғы демі шыққанша жоғалтпаған.
Карл Саган туралы бұдан да көбірек білгің келе ме?
Мыналарды оқы:
ПОДПИСКА НА ВЕБ-САЙТ. ПРЕИМУЩЕСТВА:
Доступ к эксклюзивным статьям на сайте
Приглашение на образовательные лекции и мастер-классы
Возможность просматривать на всех мобильных устройствах и планшетах
Отличная цена: всего 200 тг в месяц!
ПОДПИСКА НА ПЕЧАТНОЕ ИЗДАНИЕ. ПРЕИМУЩЕСТВА:
Самое интересное в научных дисциплинах и технологиях простым языком
Высокое качество печати
Выходит 12 раз в год
Бесплатная доставка до двери по всему Казахстану
Доступ к архиву и новым номерам