16 августа 2017 г. | Автор: Ольга Фадеева
Австралопитектің асханасы

Олар жапырақтар мен жемістерді жеген. Кейін ас мәзірлеріне өсімдік түптері мен астық тұқымдастарды енгізе бастаған. Уақыт өте келе еттің, соның ішінде өздері тектестердің дәмін татып көрген. Кейін олардың милары жетіле түсті... Біздің ата-бабаларымыз немен қоректенген? Не себепті олар ақылды бола түскен? Бұл сұрақтардың шешімін табу үшін адамзат тарихын, соның ішінде тағамдар тарихын зерттеу керек болады.

Бұл өте ерте болған, 27 млн жыл бұрын. Шамамен осы уақытта бүгінгі мартышканы еске салатын құйрықсыз кішкентай аң пайда болған. Тек оның құйрығы болмаған. Оны проконсул деп атаған. Проконсул деген – тайпаның атауы емес, ол барлық гориллалардың, шимпанзелер мен орангутандардың, тіпті, мына сені мен менің, бір сөзбен айтқанда, қазып алынған приматтардың бір түрі. Проконсулдар ағаш бастарында өмір сүрген және көбінесе жапырақтар мен жаңғақтар секілді тропикалық орманның сыйларымен қоректенген, әсіресе, жемістерді өте жақсы көрген. Қысқасы, ағаш басында өсетіннің барлығын қорек қылған. Дегенмен, ара-арасында тарихқа дейінгі кей тиіндердің етін жеп көруден де бас тартпаған болар. Проконсулдардың ас мәзірі қазіргі шимпанзелердің ас мәзіріне ұқсас болған: олар бәрін жейді, дегенмен басты қорек – қолда бар өсімдіктер. 

Жаңа бетбұрыс

Проконсулдар осылай өздерінің тропикалық жұмағында өмір сүре берер еді, алайда, табиғаттың әлегі оларға тосқауыл болды. Нақтырақ айтқанда, ауа райы. Жер бетін суық басып, ылғалды ормандардың аумағы тарылып, далалы алқаптар кеңейе түсті. 13-15 млн жыл бұрын проконсулдар үшін қиын-қыстау кезең басталып, олардың бір бөлігі қырылып қалды. Қалғандары – біздің арғы тектеріміз – қауіпсіз ағаштан жерге түсіп, орман ішінен қорек іздей бастайды. Сол орман ішінде қалып қойғандар, уақыт өте келе күшейе түсіп, миллиондаған жылдардан кейін горилла, шимпанзе және орангутан сияқты маймылдарға айналады.

Бастапқыда олар солып қалған саңырауқұлақтар мен жемістерді жеді, ал олардың құрамында алкоголь бар екені баршаға белгілі, оны осы жемістерді жеген микроағзалар тудырады, мұны божу процесі деп атайды. Әуелі олардың ағзасы этил спиртін (алкогольді) қорытуға қауқарсыз болды – приматтар уланып өліп қалатын. Дегенмен, 3 млн жылдан кейін, шамамен 10 млн жыл бұрын, біздің ата-бабаларымыздың гені мұндай рационға «икемделіп» алды, тіпті, игергенді қойып, алкогольді қорыту қабілеті 40 есеге дейін артты! Әрине, сол бір қиын қыстау кезеңдерде өңдеуші жемістер олардың өмірлерін аман сақтап қалуға ықпал еткендері белгілі. Алайда, миллион жылдан кейінішімдікке деген құмарлық адамзат қауіп төндіретінін кім білген?  

Тамырлар мен түптер

Дегенмен, проконсулдарға қайтып оралайық. Дәлірек айтқанда, олардың ұрпақтарына, себебі ол уақытта проконсул деген тұқымның өзі жойылып кеткен болатын: олардың орнына адамтектес бірнеше маймылдардың түрі пайда болды. Мысалы, сахелянтроптар – гоминидтер (жетіле түскен приматтар), 7-6 млн жыл бұрын өмір сүрген, оррориндар немесе ардипитектер. Олардың кейбіреулері, шамамен, оррориндар болса керек, ақырындап екі аяқпен қозғалуға машықтана бастайды. Бұл биік шөптердің басындағы жыртқыштарды көру үшін керек болса қажет. Аталған гоминидтердің басым бөлігі де жер бетінен жойылып кетті, тек аздаған бөлігі ғана кейіннен Homo sapiens деген киелі есімге ие болды.

Сондай-ақ ауа райы да оңалмайды, керісінше, уақыт өткен сайын құрғап, салқындай береді. Ылғалды ормандардың аумағы және олармен бірге «жемісті» тоғайлардың көлемі де қысқара түседі. 3-3,5 млн жыл бұрын қазылып алынған жоғары приматтар – біздің ата-бабаларымыз – енді австралопитектер деп атала бастайды, бұл уақытта олардың денесі әлі де болса түкке оралған, дегенмен екі аяқпен жылдам қозғалып, адамдарға қатты ұқсайтындығымен ерекшеленген. Міне, осы тіршілік иелері жалаң далада қалуға мәжбүр болады. Нақтырақ айтқанда, саванналарды паналайды (есіңде болса, адамзаттың Африкада пайда болғанын бұған дейін айтқанбыз, ал «қара нәсілділердің» даласын саванна деп атайды). Мұндай жерлерде қалай тіршілік етуге болады? Бар болғаны шөп, жабайы астық тұқымдас өсімдіктердің дақылдары мен тамырлары. Міне, тіске басардан қалғаны осы. Ал кейін...  

Адамдар және ет

Шамамен, 2,4 млн жыл бұрын адамдар пайда болады. Олар, әрине, бүгінгі көше бойында кетіп бара жатқан адамдар емес. Homo тұқымы осылай атала бастайды – сырт қарағанда олар маймылдардан аса ерекшеленбейді, денелерін әлі де түк басқан, жасыратын несі бар, ақылдары да шамалы. Қысқасы, австралопитектерден алшақ кетпеген. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Дәл осы аралықта олардың милары қарқынды түрде дами бастайды (тарихи өлшемдерге сүйенер болсақ, шамамен 1 млн жыл ішінде 400 грамм). Міне, осыған байланысты антропологтар сол уақыттарда өмір сүрген гоминидтерді австралопитектер тұқымына емес, адамдар қатарына жатқызады.

Алайда, олардың миларының өсе бастауына не түрткі болды? Тағы да сол ауа райының ықпалы: Африканың басым бөлігі шын мәнінде құрғақшылыққа шалынады, тіпті, шөптің өзі сирек шыға бастайды. Көптеген шөппен қоректенетін жануарлар, олардың артынан дәл осы жануарларды қорек ететін жыртқыштар қырыла бастайды. Міне, осы уақытта біздің икемделгіш ата-бабаларымыз не істейді дейсің ғой? Олар жойылып бара жатқан жыртқыштардың кейпін киіп, шөппен қоректенетін жануарларға аңға шыға бастайды. Кейіннен табылған тастан жасалған қарулар арқылы кесілген жануарлардың сүйектері – осыған дәлел бола алады.

Өкінішке орай, олар тек жануарлармен қоректенбеген, біздің ата-бабаларымыз өздері тектес тіршілік иелерін де азық қылуға мәжбүр болған. Бұл бір жағынан қылмыс болса, екінші жағынан ғылыми дерек. Бұл туралы қазба жұмыстары барысында табылған, тасты қаруалардан жарақаттанған адамдардың сүйектері сыр шертеді. Ең көне табыстарға 2-ден 1,5 млн жылға дейін. Бұл дегеніміз каннибализмді (адамдардың өзі тектестерді жеуі) біздің арғы тектеріміз өте ерте бастаған. Және бұл үрдіс ұзаққа созылған секілді – бұл жайлы кейіннен табылған қайнарлардан байқауға болады.  

Ет көп болған сайын, ми да көп

Ары қарай не болмақ? Ары қарай – таңғажайып құбылыстар! Біздің ата-бабаларымыздың жақ сүйектері кішірейе бастайды. Ет шөп сияқты аса қатты емес, сондықтан да оны жеп тауысу үшін күні бойы шайнап жүрудің қажеті жоқ. Кейінірек жақ сүйектері мен тістері аса үлкен емес, тіпті, ол уақыттағы өлшеммен салыстырғанда өте кішкентай ағзалар ғана аман қала бастайды. Олардың балалары бұдан да кішкентай жақ сүйектермен өмірге келе бастайды. Осылайша, ақырындап жақ кішірейе түседі, сәйкесінше бас сүйегінде миға арналған орын кеңейе береді.

Тағы да не? Миды өсіру үшін көп мөлшерде ет керек. Себебі, ми – өте «бағалы» орган, себебі ағзаға оның жұмысын қамтамасыз ету қымбатқа түседі: ол аса көп мөлшерде энергия жұмсайды. Нәтижесінде тұйық шеңбер пайда болады : яғни ет табу үшін – ми керек, миды өсіру үшін – ет керек. Осылайша алғашқы адамдар етті жиі пайдалана бастайды. Әрине, ара-арасында тамыр, жемістер мен шөптерді де қорек еткен. Сол уақытта оларды да бәрін қорек етушілер деп тегіннен-тегін айтпаған ғой. Алайда, адамзат түрінің барлығын бірдей бұл қатарға жатқызуға келмес... 

Түрдің атауы Мидың көлемі (см куб)Қашан панда болды (млн жыл бұрын)
1Australopithecus africanus 4573
2Homo habilis5522,4
3Homo erectus10161,8
4Homo neanderthalensis15120,5
5Homo sapiens13550,2
Неандерталдықтар туралы

Оларды адамзатқа паралелль бұтаққа жатқызады. Олар қазіргі адамдардың ата-бабалары емес, дегенмен, біздің ежелгі туысқандарымызбен будандасқан және ыстық Африкамен салыстырғанда салқын климатты Еуропада өмір сүрген. Алайда, неандерталдықтардың ата-бабалары саналатын гейдельбергтік адамдар да Африкалық болып саналады, әйтсе де орлар Африкадан гөрі Батыс Еуропаның алқаптарын қолайлы деп есептеп, біздің арғы тектерімізге қарағанда ертерек кетіп қалған.

Неандерталдықтар да, гейдельбергтер де жыртқыш адамдар қатарына жатқан. Иә, мұндай сөзді, егер олар тек қана етпен қоректенетін болса, адамзат баласы үшін де қолдануға болады. Мүмкін, олардың жаппай етті тағамдарға көшуіне еуропаның суық ауа райы ықпал етсе керек. Солтүстіктегі адамдар қазірдің өзінде шөптесін өсімдіктерге қарағанда етті көп пайдаланады, себебі оларға бойларындағы жылуды сақтау үшін көбірек май мен бұлшық ет жинау керек. Ал осының бәрін еттен алуға болады. Өкінішке орай, етке деген құштарлық неандерталдықтарды аман алып қана қойған жоқ, сондай-ақ жылдам жойылуларына да ықпал етсе керек. Тіршілік кезінде тағамның тек қана бір түрін пайдаланатындар барлығын қатарынан тұтынатындарға қарағанда қоршаған ортаның өзгерістеріне осал жауап береді. Міне, дәл осы барлығын қатарынан жеу және сәттілік біздің ата-бабаларымызға аман қалуға көмектесті.

Мақала танымал ресейлік антрополог Станислав Дробышевский мен ғылымды дәріптеуші Александр Соколовтың материалдары арқылы дайындалған.