19 июня 2017 г. | Автор: Лиля Калаус
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Алланың бағы аса кең,

Мен онда қайғылы бұлбұл болғым келеді.

Сенің күн дидарлы жүзіңді көру үшін,

О, Аллам! Көзбен емес, жүрекпен...


Қожа Ахмет Яссауи


Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Оңтүстік-Қазақстан облысы Түркістан қаласында орналасқан. Оны әлемнің сезігінші кереметі деп тегіннен тегін атамаған. Бұл сарайлар мен ғибадатханалардың кешені орта ғасыр сәулетінің жауһары, ол ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген.

Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) - XII ғасыр ойшылы және түркілік сопылық бағытты дәріптеген ақыны. Біздің заманымызға дейін оның, әлемдегі ең көне түркі тілді кітап саналатын, «Диуани-Хикмет» («Даналық кітабы») атты еңбегі жеткен. Ол 149 діни-философиялық хикмет-өлеңдерден тұрады. Яссауи өзінің сопылық қауымын ұйымдастырған, онда адамдарды еңбекке баулып, қарапайым, миссионерлік өмірге, құлшылық етуге шақырып уағыздар айтылған. 63 жасында дүниеден өткен Мұхаммед Пайғамбардың ( с.ғ.а.) аруағын ардақтаған ол бұл дүниенің жарығын одан асып көруді өзіне артық санап, 63 жасқа толғаннан кейін мешіт жанындағы қылуетке түсіп, сол жерде өмірін жалғастырады. Ақын 1166 немесе 1167 жылдары дүниеден өткен. Оның зираты бірден мұсылман қауымының бас ұрып, тағзым ететін орнына айналды. Оған үш рет бару Меккеге барғанмен тең деп те жатады. Қожа Ахметтің арқасында Яссы қаласы – Түркістан – барша түркі елдерінің рухани орталығына айналды.

Сопылық – арабтың «суф» (жүн) сөзінен алынса керек, ол классикалық араб-мұсылман философиясының бір ағымы. Сопылық бұл – жанды нәпсінің қалауынан тазартып, рухтың мадақты қасиеттерін арттыру жолы.

233 жылдан кейін, Яссауи жерленген орында ерекше әдемі және үлкен кесене тұрғызылды. Ол бар болғаны он жыл ішінде – өте қысқа мерзімде бой көтерген! Кесене портал және күмбездерден құралған тікбұрышты ғимараттардан тұрады. Аркалы порталдың биіктігі – 37,5 метр, басты күмбездің биіктігі – 44 метр, диаметрі – 22 метр. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы – 2 метр, ал орталық дәліздердікі – 3 метр. Бүгінгі таңда жақсы сақталған кіре беріс ғимараттағы жазбада «Бұл киелі орын Алланың сүйікті құлы, әмірші Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған – Алла оның әмірін мәңгілік етсін!» деп жазылған.  

1398 жылы Темірлан (Әмір Темір) Алтын Орда және оның ханы Тоқтамыспен шайқаста жеңіске жетті. Осы оқиғаның құрметіне ол дала жаһанының рухани және саяси орталығы, Ұлы Жібек жолының көне қалаларының бірі, қазақ хандарының астанасы Түркістандағы Яссауидің көнеріп кеткен кесенесінің орнына мемориалды кешен тұрғызбақ болады. Темірланның өзі болашақ кесененің жобасын құруға қатысып, әсіресе, ғимараттардың өлшемдерін анықтап, сондай-ақ кейбір декоративті бөліктерге байланысты тапсырмалар беріп отырған деседі.1405 жылы Темірлан дүниеден өтті және кесене құрылысы жұмыстары тоқтап қалды. Қабырғаларда әлі күнге дейін ағаш бөренелер мен құрылыс ағашының қалдықтары байқалады. 

Кесененің күмбезі Орталық Азиядағы ең үлкен күмбездердің бірі, оның диаметрі шамамен 18 метрді құрайды. Кесенеде шартты түрде сегіз блокқа бөлінген 30-дан астам бөлмелер бар. Олар өзара шиеленіскен жолдармен, дәліздермен, сырмалы екі қабатты сатымен байланысқан. Жарық ішке ағаш шарбақтармен бітелген терезелер арқылы кіреді, жаңғырық адамдардың аяқ дыбысын алысқа алып кетеді... Жартылай қараңғылық, салқындық, тыныштық құлшылық етушілердің жүрегінде терең сенім мен үйлесімділік тудырады.

Қазандық – кесененің ең үлкен залы, күмбезбен жабылған негізгі салтанатты кеңістігі. Ол жерде көнеден келе жатқан киелі зат қола Тайқазан орналасқан, оның сыйымдылығы 60 шелек, диаметрі – 2,2 метр, салмағы 2 тонна. Аңыз бойынша, Тайқазан Қарнақ ауылында жеті сирек кездесетін металдың қорытпасынан жасалған. Тайқазан түркі тайпалары ынтымағының және қонақжайлылығының белгісі. Сенім бойынша, одан су ішкен құлшылық етуші жамандықтан тазарады.

1934 жылы Тайқазанды Ленинградқа алып кетіп, бірнеше жылдар бойы Эрмитаждың бір залында экспонатқа қойған екен. Тек 1988 жылы ғана, қазақстандық үкіметтің талап етуі бойынша, Тайқазан өзінің байырғы орнына қайтып оралған.

Қабірхана – Қожа Ахмет Яссауидің қабірі. Оның есігі нақышты өрнекпен көмкеріліп, ағаштардың құнды түрімен бедерленген. Бұл шаршы бөлменің тура ортасында ақшыл жасыл оюмен қапталған құлпытас орналасқан.

Үлкен және Кіші Ақсарай, XV-XVI ғасырларда сарай бөлмелері ретінде қолданылған, бұл жерде қазақ хандарының ордалары орналасқан. Үлкен Ақсарайда өзге елдердің елшілерін қабылдайтын болған, мұнда даланың ең беделді және танымал адамдары жиналған. Бұл жерде таққа жаңадан отырған хандар өз еліне әділ қызмет етуге ант берген, мұнда әлі күнге дейін хан билігінің символындай болып, асатаяқ пен тақ орны сақталған. Ал кіші Ақсарайда, кесене қабырғаларында, көптеген танымал адамдар жерленген. Ең көне қабір 1431 жылға тән, ал барлығы 43 қабір тастары орналасқан. Кесенеде Абылай ханның, Бөгенбай батырдың және тағы басқа көптеген қазақ билеушілері мен қолбасшыларының мәйіті жерленген.

Кіші мешіт – бейне меруерт тастан ойылғандай және жарық саңылаулары бар биік барабанда орнатылған ерекше күмбезбен қапталған, крест тәрізді бөлме.

Сондай-ақ кесене ішінде кітапхана, Яссауи  өз өмірінің соңғы күндерін өткізген жер асты қылуеттері, жаңа туған нәрестелерді дәріптейтін шілдехана бөлмесі орналасқан. Кеңінен көсілген шаруашылық кешеніне құдықхана кіреді. Бұл жерден алынған суды мұсылмандар киелі санап, онымен Тайқазанды толтырып, мұсылман мерекесі күндері осы сумен құлшылық етушілердің шөлдерін қандырған. Асханада бидай мен қой етінен дәстүрлі тағамды әзірлеген. Сондай-ақ худжра деп аталатын тұрғын бөлмелері мен бүгінде көне легендер мен құмғандарды кездестіруге болатын монша да бар.

Сол заманның ең озық технологиялары арқылы жасалған кесененің сәулеті қайталанбас құбылыс. Бұл ғимаратты тұрғызу кезінде парсы сәулетшілері Самарқанд және империя астанасы Тимуридтерді тұрғызу кезінде қолданылған көптеген жаңашыл сәулет және құрылыс шешімдерін пайдаланған. Құрылыста ерекше қоспа мен күйдірілген қызыл кірпіш қолданылған.

Қабырғалар мен күмбездердегі декоративті әрлеудің байлығы әрі сан алуандығы, ғимарат пен күмбез көмкерілген сұлулығы мен шеберлігі жағынан ерекше тасты және майоликалы тақталар, мозаикалар, өрме жазумен, герметикалық және өсімдік өрнектерімен берілген қабырғадағы суреттер, тассүңгілер, қуатты тізбекті және көркем мұнаралар – осының бәрі Әмір Темір заманындағы, Орталық Азияға тән архитектура стилінің қалыптаса бастаған кезіндегі сәулет өнерінің қандай деңгейде болғанын көрсетеді. Сол дәуірде тұрғызылған барлық монументалды ғимараттардың ішінде тек Қожа Ахмет Яссауи Кесенесі ғана толықтай сақталған.


  Қожа Ахмет Яссауи Кесенесінде көптеген құпия жасырынған. Ғалымдар бұрыннан-ақ не себепті бұл ғимараттың сол уақыттағы барлық діни ғимараттар секілді Меккеге бағытталмағанына бас қатырауда. Ал келесі құпия кесененің іргетасында жатыр, себебі ол мүлде жоқ! Іргетастың орнын қалыңдығы бір жарым метр болатын, көп қабатты балшықты негіз қойған. Соған қарамастан, мұражай көптеген соғыстар мен жер сілкіністерін басынан өткеріп, алты ғасыр бойы құламай келген. Іргетастың болмауын балшықты-дәкелі негіздің өзі жеткілікті деп түсіндірген. Аңызға сүйенсек, кесененің құрылысы кезінде мыңдаған өгіздерді айдап әкеліп, болашақ ғимараттың платформасын таптату үшін, шеңбер бойымен жүргізген деседі. Ал келесі тарихшылар Темірланның тұсында да ниеті таза емес, өз ісін шала істейтін жалдамалы жұмыскерлер болған дегенді алға тартады... 2000 жылдың басында кесененің көне қабырғаларының астына бетонды іргетас жүргізіліп шықты.

Кесене 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы кезінде, 1846 жылдары қоқандардың шабуылында, сондай-ақ 1856 жылы патша әскерінің соңғы шабуылы тұсында зақымданған болатын. Ескерткіштің он бір жерінде зеңбірек оқтарының іздері сақталған.

Кесененің келесі құпиясы – қаптайтын тақталарды сырлаған көне жылтырақтар мен бояуларды қалай өндіргендері. Жаңа технологиялар бұрынғы шеберлердің нәтижесін қайта жаңғыртуға көмектесе алмады. Күмбездің қаптамасын заманауи тақталармен жаңартқан кезде бір жыл өте салысымен қаптаманы шешу керек болатын, себебі күмбез судың салдарынан ісіне бастаған. Ал ежелгі құрылысшылар су өткізбей ғана қоймай, сонымен қатар күмбездің табиғи жолмен ауа алмастырып тұруына қол жеткізген.

Түркістанға жол тартқан кез келген құлшылық етуші адам, түркі елдерінің рухани тәлімгері, артында қалған ұрпағы «Далаға Ислам жарығын әкелуші» деп бағалайтын, танымал Әзірет Сұлтан жерленген, Әмір Темірдің бұйрығымен бой көтерген күмбезге бас сұқпай кетуі мүмкін емес деседі.