2 августа 2017 г. | Автор: OYLA
АҚША ЕСЕПТЕГЕНДІ ҰНАТАДЫ

Біз өмірімізге аса қажет емес дүниелер туралы көп білеміз. Алайда, күнделікті өмірде жиі соқтығысатын жайлар жайлы ештеме білмейміз. Мысалы, қаржы туралы. Осыған қарамастан, ақша – өміріміздегі ең маңызды және негізгі аспектілердің бірі болып қала береді. Жеке қаржыңды басқара білу, жолға шықпай тұрып көлік жүргізуді үйрену секілді аса маңызды. Алайда, бұл пәнге не мектепте, не университетте мүлде көңіл бөлмейді, тіпті, ата-аналарымыз көп жағдайда ақшаны қалай ұстау керектігінің құпиялары мен машықтарын үйретпейді.

 

Ақша туралы не білеміз?

Баяғы өткен заманда Аида және Арман есімді ағалы-қарындас өмір сүріпті. Олар көп нәрсені армандайтын: Аида әлі кішкентай болса да, арманы үлкен еді – ол гитарам болса және оны шерте алсам деп қиялдайтын. Арман болса жаңа гироскутер туралы армандайды. Егер бұл оқиға ертегі болса, бір мезетте ғажайып перизат пайда болып, олардың армандарын орындайтын еді. Өкінішке орай, бұл ертегі емес. Дегенмен, өте пайдалы оқиға. Аида мен Арманның ата-анасы оларға ақшаны қалай ұстауды үйреткісі келді және қалаған сыйлықтарына ақшаны өздерің жинаңдар деп тапсырды. Әр апта сайын әкесі мен шешесі ұсақ-түйек мұқтаждықтарыңа жұмсаңдар деп 500 теңге, әр ай сайын әжелері тәттіге деп 500 теңге береді. Аида осы ақшалардың жартысын жинауды ұйғарды, Арман болса бар ақшаны бірден жұмсады. Ол әзірге сатып алатын заттарым көп, жинауды кейін қолға алармын деп, шегере тұрды.

Аида ата-анасы берген ақшаның 100 теңгесін және әжесі берген ақшаны түгел жинады. Сонда әр ай сайын 900 теңгеден қойып отырды.

6 айдан кейін Аиданың қолында 5400 теңге болды. Кейбіреулерге бұл түкте емес болып көрінуі мүмкін, алайда Арман олай ойламайды. Себебі, оның қолында ештеме жоқ. Ол қарындасынан үлгі алып, ақшасын жинай бастады және жарты жылдан кейін оның еншісінде де осынша ақша болды. Ал Аидада қанша? Оның қаражаты, ағасына қарағанда, екі есе көп болды – 10800 теңге.  

Бұдан шығар №1 қорытынды:

Ақшаны жинауды неғұрлым ерте бастау керек. Бұл тек ойыншыққа немесе, тіпті, оқуға ақша жинайтындар үшін ғана емес, сондай-ақ кәріліктің қамын ерте ойлайтындар үшін де маңызды. Оған дейін әлі ерте болса да, ойлану артық емес. 

Ақша қайдан келеді?

Ақшаны жинап және дұрыс жұмсай білуді үйрену үшін, кіріс пен шығыстың қайнары қайда екенін түсіну керек. Барлық келіп түсетін ақша кіріске жатады. Мысалы, сендердің отбасыларыңда ақша қайдан келеді?

Кірістің мүмкінді қайнарлары:

  • Еңбекақы, сыйақы
  • Шәкіртақы және зейнетақы
  • Бизнестен келген табыс
  • Инвестициядан келген табыс
  • Банк салымдарының пайыздары
  • Жылдымайтын мүлікті (пәтер, саяжай, гараж) жалға бергеннен келген табыс
  • Жылжымайтын мүлікті сатқаннан келген табыс
  • Сыйлықтар, ұтыс

Барлық шығынды: міндетті және міндетті емес деп екі түрге бөлуге болады. 

Міндетті – бұл тұрған орныңа, оқуыңа, байланысқа, емделуіңе, тамақтану мен көлікке кететін шығын. Мұндай шығындар үшін – «қаржылық қауіпсіздік жастығына» міндетті түрде аз-маз ақша сақтап жүру керек. Сонда аяқ астынан тісің ауырса немесе телефоның сынып қалса, біреуден қарыз алуға мәжбүр болмайсың.

Міндетті емес – бұл шығындарсыз да өмір сүруге болады. Мысалы, компьютер ойынын немесе (бұрынғысы жап-жақсы қалыпта болса да) жаңа телефон сатып алу.


Үйдегі бухгалтерияны жүргізген кезде барлық кіріс пен шығысты дұрыс есептеу аса маңызды, тек осылай ғана бюджетіңді арттырып, ақша жинауға мүмкіндік аласың.

Саналы түрде жинау

Ақша жинауды бастау үшін алға қаржылық мақсат қоя білу керек. Сендерге ақша не үшін қажет? Мүмкін ол Аиданікі секілді музыкалық аспап немесе Армандікі секілді гироскутер шығар? Егер қандай да бір нақты мақсатың болмаса, ақша жинауға деген құлшыныс та болмайды.

Гитара немесе гироскутер секілді нақты мақсаттарға ақша жинаумен қатар, мамандар «қаржылық қауіпсіздік жастығы» деп аталатын жағдайға да ақша қалдыруға кеңес береді. «Тағы да жинау ма? Мұның не керегі бар?» дейсіңдер ғой.

Қаржылық қаупсіздік жастығы – бұл адамның кенеттен кірісінен айырылу немесе жоспарланбаған шығынға тап болу секілді штаттан тыс жағдайлардың туындап қалуына байланысты жинаған белгілі бір ақша қоры (қосымша фонд). «Жастықтағы» ақша мөлшері қанша болуы керек? Оны былай есептейді: жинаған ақша адамға немесе отбасына қаржылық қиындықпен байланысты мәселелер шешілгенге дейін 3-6 айға жетуі тиіс.
Саналы түрде жұмсау

Ақша жинаудың және қаржыны саналы түрде жұмсаудың қаншалықты маңызды екенін, қалай болғанда да, барлығы жақсы біледі. Алайда, жай ғана жинаумен шектелмей, ақшаны дұрыс жұмсай білу де маңызды екенін көбі түсіне бермейді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл оңай емес. Себебі, айналада көздің жауын алатын зат көп! Тауарларды өндірушілер біздің үнемі сатып алғанымызды қалайды – сондықтан да жарнамалары өте қызықты, орамалары өте әдемі. Нәтижесінде, қолыңыздағы телефон жақсы жұмыс істеп тұрса да, ұялы телефонның соңғы үлгісіне қатты қызығып жүрсіз немесе – чипсы, шоколад, газды сусын секілді зиянды тағамдарды күн сайын тұтынасыз. Бұлардың қай-қайсысы болмасын, ақшаны саналы түрде жұмсау тұрғысынан алғанда, мұқтаждық болып табылмайды. Ендеше, олардан бас тартып немесе едәуір азайтуға болады.

Өз шығындарыңды бақылап әрі жоспарлай отырып, сендер, біріншіден, ересек өмірде көп көмегін тигізетін пайдалы әдеттерге дағдыланасыңдар. Екіншіден, сендер дербес бюджеттеріңді түзетіп, аса маңызды емес немесе мағынасыз шығынды азайтып, үнемделген ақшаны жинауға не мақсаттарыңа жұмсауға үйренесіңдер.

Тіпті, аздаған тұрақты қордың өзі уақыт өте келе ауқымды капиталға айналады. Бұл күрделі пайыздардың сыйқырының арқасында жүзеге асады. Олай болса, ақшаны жинауды неғұрлым ерте қолға алсаңдар, жеке бюджеттеріңнің жағдайы соғұрлым жақсара түседі.  

Шығынды қалай жоспарлау керек?

1-қадам

Әуелі үйірмелерге төлеу, ұялы байланыс секілді тағы басқа міндетті шығындарға қанша жұмсайтындарыңды анықтап алыңдар. Бұл соманы бөлек қою керек.

2-қадам

Азық-түлік, түскі ас, жол ақысы секілді күнделікті шығындарды айқындаңдар. Бұл ақшаны да жеке қой. Оларды апта бойынша 4 конвертке бөлек салып қоюға болады.

3-қадам

Қанша ақша қалғанын есептеп, онымен не істейтіндеріңді – қазір жұмсайсыңдар ма, әлде болашаққа қалдырасыңдар ма – сол жағын шешіп алыңдар. Егер ақшаны қымбат зат алу үшін немесе демалысқа жинайтын болсаңдар (қаржылық мақсат туралы естеріңде ғой), қалған ақшаны сақтау арқылы керекті соманы қанша уақытта жинайтыныңды есептеуге болады.

4-қадам

Міндетті түрде маусымдық шығындарды да естен шығармаңдар – туған күнге сыйлық, сегізінші наурызға гүл деген сияқты. Тек қысқа мерзімді емес, сондай-ақ ұзақ мерзімді шығындарды да ескеріңдер.

5-қадам

Егер сыйақы немесе сыйлық алып, артық ақша пайда болса – ең дұрысы, оны сақтап қою керек. 

Бюджет дегеніміз не?

“Бюджет” сөзі ескі норманд тілінен аударғанда «әмиян, сөмке, ақша толы мөшек» деген мағынаны береді. Ал қазіргі таңда ол «уақыттың қандай да бір аралығына (апта, ай, жыл) жоспарланған шығын» деген мағынаға ие. Бюджетті барлығы жүргізеді – отбасы, компания және, тіпті, тұтастай мемлекеттер.

 Бюджетіңіз қалай?

Бюджет тапшылығы

Сендердің табыстарың кірістеріңнен әлдеқайда аз, сондықтан да басқалардан қарыз алуға мәжбүрсіңдер ме? Онда үнемдеуді немесе шығындарды азайтуды үйрену керек. Шығындарға сыни көзбен қараңдар – мүмкін, газды сусынды күнделікті сатып алудың қажеті жоқ шығар? Әрі денсаулыққа пайдалы, әрі шығын да аз.

Бюджет пайдасы

Сендердің кірістерің шығыстарыңнан артылады. Бұл өте жақсы, себебі кіріс пен шығыстың арасындағы айырмашылықты керек-жараққа және алға қойған мақсат үшін жинауға болады.

Теңдестірілген бюджет

Кіріс пен шығыс тең. Мұндай бюджет теңдестірілген болып саналғанымен, әлі де болса ойлану керек. Өйткені, сендер тапқандарыңның барлығын жұмсап тастайсыңдар. Тіпті, жалақысы жақсы болған күннің өзінде, мұндай адамдар бір айлықтан екіншісіне әрең жетеді. Нәтижесінде, олардың демалысқа немесе көңілі қалаған затқа артық ақшасы болмайды. Бюджет тапшылығы кезіндегі сияқты, дұрысы шығындар сатысын қайта қарап шыққан жөн. 

Қалталы адамдардың әдеттері

  • Ақшаларын санау
  • Шығындарды ойластыру
  • Ақша жинау
  • Істерін жоспарлау

Ақшасы аз адамдардың әдеттері

  • Ақшаны санамастан жұмсау
  • Ақшаны жинамау
  • Болашаққа жоспар құрмай өмір сүру

БАЙҚАУ

Ал сендер өз бюджеттеріңді қалай бақылайсыңдар? Ақша жинай білесіңдер ме? Сендер не туралы армандайсыңдар?

Біздің oyla.xyz@gmail.com электрондық поштамызға хат жолдап, өздеріңнің пайдалы қаржылық әдеттерің туралы жазып жіберіңдер. Немесе видео түсіріп, сурет салып, сондай-ақ коллаж жасасаңдар болады – қиялдарыңа шектеу қоймаңдар!

Жеңімпаз Қазақстан Ұлттық Банкі мен OYLA-дан құнды сыйлықтарға ие болады!